Тұрақтандыру қорына қажетті көкөністер қыркүйектен бастап қоймаға жеткізіледі

Ақтөбенің егіс алқаптарында тұрақтандыру қорына салынатын көкөніс пісіп қалды. Күзде 100 тонна сәбіз бен сонша қырыққабат, 200 тонна пияз бен 1 400 тонна картоп қоймаға жөнелтіледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі «Ақтөбе» ӘКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспар бойынша көкөніс желтоқсан мен наурыз айлары аралығында коммуналдық базарларда сатылатын болады. Өңірге қажетті көкөністі «Пригородный» шаруа қожалығы өсіріп жатыр. Осы көктемде жергілікті тауар өндірушімен фьючерсті келісімшарт жасалған болатын. Мұндай келісімнің артықшылығы — бағбан көктемгі егіс жұмыстары кезінде көкөністі сатып алуға бөлінген қаржының 60 пайызын алдын ала алады. Бұл ақша тұқым мен жанар-жағар май сатып алуға, техника жөндеуге жұмсалады. Осы жылы көкөніс сатып алуға 80 миллион теңге бөлінген. Ақтөбелік агрономдардың айтуынша, олар көктемге дейін бұзылмай сақталатын жуа өсіруді үйренген.

«Бұрын бұл көкөніс оңтүстіктен сатып алынатын. Ал голландиялық сортты картопты өздері сұрыптауға кіріскен. «Романо» сұрыпты картоптың алғашқы репродукциясы гектарынан 30 тонна өнім алуға мүмкіндік береді», — дейді шаруа қожалығының иесі Степан Гайдарь.

Қожалықта тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Сондай-ақ жаңбырлатқыш машиналар да бар. Облыстық тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында құрылған комиссия көкөніс алқаптарын аралап шығып, өнімнің шығымына риза болды. Сарапшылар атап өткендей, көкөніс уақытылы суарылып жатыр, арамшөп жоқ. Жергілікті картоптың алғашқы партиясы қоймаға қыркүйекте жеткізіле бастайды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: