Бизнес негіздері пәнінен сабақ беретін мұғалімдер білімін жетілдіріп жатыр

Кәсіпкерлік палатасы 200-ден астам мұғалімге бизнес негіздерін оқытады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқытуды жоспарлаған мектептер, колледждер мен университеттің мұғалімдері мен оқытушылары қысқа мерзімді курстарға қатысып жатыр. Оқу 19 — 29 тамыз бен 2 — 13 қыркүйек аралығында жүреді. Оқу тек курстармен шектелмейді. Оқушылар мен оқытушылар atameken.com онлайн платформасында қосымша білім ала алады.

«Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты — өскелең ұрпақ арасында іскерлік ойлауды қалыптастыру, жаппай кәсіпкерлік идеяларын кеңінен таныту. «Кәсіпкерлік негіздері» бұл жай ғана пән емес, бұл Қазақстандағы кәсіпкерлік сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін жүйе. Пән аптасына 2 рет оқытылады. Жылына барлығы 68 сабақ. Оның 30% теория, өзгесі тәжірибе. Бағдарлама теориялық зерттеулерден, ойын түріндегі практикалық сабақтардан, бизнес жағдайларды талдаудан және бизнес ойындардан тұрады. Мұғалімдер үшін семинарлар ұйымдастырылады», -деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Бұл пән «Бастау» практикалық тәжірибесіне негізделген және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Пән аясында мектеп оқушылары мен студенттер заманауи стартап мәдениетін, компаниялардың ұйымдық құрылымын, қаржылық есеп, баға, бәсекелестік түрлері, SWOT-талдау, маркетингтік коммуникациялар және тағы басқаларын оқиды.

Ақтөбеде мектеп мұғалімдерін оқыту «Өрлеу» БАҰО» АҚ педогог мамандардың біліктілігін арттыру институының филиалында, колледж оқытушыларын оқыту Автожол колледжінің базасында және жоғары оқу орнының оқытушыларына сабақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: