Ақтөбелік егінші қарбыздың бір келісін 80 теңгеге сатуға дайын

Шаһар басшысы бақша мен көкөніс дақылдарын өсіретін шаруа қожалықтарына барды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

17 шілде күні Мавр Абдуллин өз өнімін дүкен сөрелеріне шығаруға дайын «Алманов» және «Жаңатау» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

«Қарбыздың бір келісін 80 теңгеге сатуға дайынмын. Бірақ ол үшін маған қалада сауда орны қажет. Делдалдардың мен өсірген қарбызды 200 теңгеге сатқанын көргенде жүректі қынжылтады. Бұл әділетсіздік қой», — деді «Алманов» шаруа қожалығының басшысы Дәнияр Алманов.

Тұрғындар қарбыздарды делдалсыз сатып алу үшін Алмановқа тиісті сауда орны ұсынылады. Қала әкімі жауапты мамандарға сондай тапсырма берді.

Ал «Жаңатау» шаруа қожалығы өзінің өнім санын ұлғайту үшін қосымша жер көлемін сұрап отыр.

«Біз тек 10 гектар жерді жалға алып отырмыз. 50 гектарға дейін көкөніс егуге мүмкіндігім жетеді», — деді «Жаңатау» ШҚ басшысы Роза Оспанова.

Сондай-ақ бұл қожалық жергілікті нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында күзде алабалық өсіруге дайын.

«Жерді жұмыс істей алатын азаматтарға беру керек. Қазір кейбір адамдар жерді алып, нәтиже көрсетпей, соншама жердің барымен мақтанады. Олай болмайды. Жұмыс істей алатын адамдарға көмектесеміз», — деп Мавр Абдуллин қожалық өкілдеріне айтты.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: