Ақжарда су жоқ

Ақжар-2 ауылының тұрғындары жаз ортасында ауыз су таппай босып жүр. Биліктен көмек сұраған халықты қала әкімі сабырға шақырды деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Су сұрап жиналған Ақжар-2 тұрғындарымен жаңадан тағайындалған қала әкімінің өзі кездесті. Жиналғандар инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелерді көтерді.

«Қаладан бөтелкелеп су тасып күн көріп отырмыз. Жағдайымыз қиын. Күніге 25 литр су тасимыз. Біздің бар жұмысымыз су тасу болып отыр»,-дейді ауыл тұрғыны Ербол Тілеумағанбетов.

Ауыз су тапшылығын көріп отырған көп балалы отбасының жағдайы тіпті қиын.

«2011 жылы қалаға көшіп келдім. Үш жылдай пәтер жалдап жүріп, осы жерді алған едім. Салған үйім де біткен жоқ. Сол бітпеген үйде бес баламмен тұрып жатырмыз. Қазір 50 мың теңге жалақым тек су алып ішуге жетеді. Аптасына кір жуатын суды да сатып аламыз»,- дейді Полат Алмағамбетов.

Қала әкімі жиналған хылықты сабырға шықырып, мәселені шешуге уәде берді.

«Бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Судың келуі жеткіліксіз болғанда қосымша насос қондыру мәселесі қаралатын болады. Төрт ұңғыма бір мезгілде жұмыс жасап тұр. Әрқайсысы 25 кубтан су береді. Қосымша насостарды ауыстыру керек болса қажеттілігі қаралады. Мәселені шешуге жұмыс жасап жатырмыз. Кемшіліктердің барлығын қалыпқа келтіреміз»,-деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: