Сазды суға толады

Табаны құрғап қалған Сазды су қоймасы жақын күндері суға толады. Әлеуметтік желі арқылы дабыл қаққан тұрғындарды әкімдік өкілдері сабырға шақырды. Тұрғындар жергілікті әкімдік өзенге су әкелу мәселесін тез арада шешпесе, арна қоқыс жәшігіне айналуы әбден мүмкін екенін айтып алаңдап отыр.

«Бұл аяқталмаған, сәтсіз жоба дер едім. Жағасының бәрін бетондап тастады, ол да дұрыс емес. Табанындағы қаншама бұлақтың көзін бітеді. Қазір мына жер біртіндеп қоқыс толып жатыр. Қаланың қақ ортасындағы бұл мәселені шешу керек», — дейді қоғам белсендісі Александр Мандрыкин.

Әкімдіктегілер халықты сабырға шақырып, тайыздап қалған Сазды санаулы күнде кемеріне келеді деп жұбатып отыр.

«Қазір толтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2-3 күнде жұмыстар аяқталады. «Керует сити» тұсында арнайы бөгет дайындалды. Негізі су қоймасында бүгінгі күнде 2,8 -3м су бар, ол жазғы уақытта бау-бақша ұжымдарына да, басқаға да жеткілікті. Тазалау жұмыстары күз уақытында жүргізілетін болады», — дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: