Көпбалалы ана жүздеген отбасыны татуластырды

Ақтөбелік Бибігүл Әбдішүкірқызы 9 жылдан бері 400-ден астам отбасыны сақтап қалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазір он бала тәрбиелеп отырған Бибігүл Әбілдаева ажырасуға бел буған отбасыларды қайта табыстырып жүр. Алғашында бұл медиатордың қызметі екенін мүлде білмеген. Кейін өзінің осы қабілетін көпшіліктің игілігіне пайдалануға шешім қабылдады.

«Соңғы тоғыз жылда 407 отбасыны татуластырдым. Алтыншы баланы босанған кезде банк үйімізді алып кетті, күйеуім қатерлі ісікке шалдықты. №51 мектеп гимназиясында жұмыс істеп жүріп, пәтер жалдап, 41 жасымда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сөйтіп 46 жасымда диплом алып, балабақшада тәрбиеші болдым. Адамдармен сөйлесе жүріп, ажырасу туралы ойларын біліп қаламын, ақыл-кеңесімді беремін. Жабырқап жүрген адамды тыңдап, кеңес беру қазақтың табиғатында бар. Бәрінің қолынан келеді, тек соны шыңдаған дұрыс», — деді Бибігүл Әбілдаева.

Медиатор қандай қиын жағдай болса да еңбек етіп, табыс тауып, балалары үшін барын салу ананың міндеті деп санайды. Әрі жұмыс талғамауға кеңес береді.

«Ер адамға қолдау болу әйелдің міндеті. Отбасындағы қиындықты жеңу үшін ер адамдар да күш салады. Әйелдер ғана емес, азаматтарымыз келіп, кеңес алады. Қазір жастар емес, қырыққа жақындағандар жиі келеді. 10-12 жылдан соң шаршадым деп келетін әйелдерге баланың әкесінің орнын ешкім баса алмайтынын нақтылап жеткіземін», — деді Отбасын сақтау орталығындағы медиатор Бибігүл Әбілдаева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: