Ақтөбеліктер тегін дәрі-дәрмек алмағандарын SMS-пен хабарлай алады

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» тегін дәрі-дәрмекті беру процесін қатаң бақылауға ала бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлескен жобасы сынақтан өткізілген болатын. Нобайлы жобаны ісе асыру барысында 191 603 SMS-хабарлама жіберілді. Сонымен қатар абоненттерден 8123 жауап келіп, мамандар 1218 қоңырауға жауап берді.

Енді бұл сәтті жоба өз жалғасын табады. Тегін дәрі-дәрмек алатын науқастарға SMS хабарлама келеді. Олар 2019 жылы 1 қаңтардан бастап 30 маусымға дейін тегін дәрі-дәрмек алғандарын не растау, не жоққа шығару керек. Егер дәрі-дәрмек қолдарына тимесе, SMS хабарламаға «0» санын жолдауы тиіс немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады. Қоңырау шалу да, SMS те – тегін.

«Хабарлама келмей жатса, «СҚ-Фармацияның» байланыс нөміріне хабарласуға болады. Халыққа сапалы медициналық қызметтің көрсетілгенін қалаймыз – бұл біздің негізгі міндетіміз. Биыл алғашқы үш айдың ішінде Ақтөбе облысындағы емдеу мекемелерінен 50 млн теңгеге кемшіліктер анықталған. Соның басым бөлігі тегін дәрі-дәрмекті уақытылы бермеумен байланысты», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының бас сарапшысы Қамбар Мұқашев.

Айта кетейік, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» 2018 жылдан бері халыққа тегін ұсынылатын қызметтерді емдеу мекемелерінен сатып алып отыр. Ал 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтерін реттеп отырады.

2019 жылы МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС 86,9 млрд теңгеге келісімшарт бекіткен болатын. Наурыз айының соңындағы деректерге сүйенсек, елдегі медицина ұйымдары 14 млрд теңгеге рецепт жазып берген, соның ішінде 13 млрд теңгенің дәрісі пациенттер қолына тиген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: