Ақтөбеде ауыл жастары Наурыз мерекесін дүркіретіп өткізді

Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Бұлақтыкөл жерінде ауыл жастары Наурыз мерекесін дүркіретіп өткізді. Шара ауыл жанындағы бұлақтың басында ұйымдастырылған.

Ұлан-асыр той жасау үшін әр үй 6000 теңгеден ақша жинап берген. Ауыл әкімінің өзі жастардың ауызбіршілігіне риза болып отыр.

«Жастар мен кәсіпкерлердің бірігуімен Наурыз мерекесін ауыл болып атап өттік. Өздері үй басына 6000 теңгеден жинаған. Ауылда шамамен 90 үй бар. Сол қаржыға қойына дейін сатып алып, үлкен думан жасады. Шараның басында ауыл мектебінің директоры Ормантай Алтайұлы жүрді. Қолдау білдіргендердің дені ауыл жастары. Жастардың ұйымшылдығымен ұлттық мерекеміз жоғары деңгейде өтті. Ауыл балаларының барлығы бір үйдің баласындай атсалысты. Ауыл жастарының көкпарға қызығушылығы жоғары»,- дейді Бұлақтыкөл ауылының әкімі Жалғас Нұртазаұлы.

Мереке күні бір ауылдың өзінен көкпар ойынына үш команда шыққан.​ Сонымен қатар, ауылдың ойын балалары әтештерін төбелестіріп, бәйге тіккен. Жастар 50 келілік қойды, көтеріп бақ сынасқан.
Ал ауылдың келіндері Наурыз мерекесіне бірнеше күн дайындалған. Қапшық-қапшық бауырсақ пісірген келіндер, ертемен қазан-қазан Наурыз көже асқан. Ауылдың ақсақалдарына сәлем етіп, ұлттық тағамдар ұсынған келіндер қазан-ошақ айналасын ұршықша үйірді.​ ​

Дүркіреп өткен концерттік бағдарлама ұлттық ойындармен жалғасын тауып, жастарға ақсақалдар бата берді.

Пікір қалдырыңыз