Астананың Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз — Ақтөбе

Ақтөбеліктер елордаға Нұр-Сұлтан атауын беруді қолдап, Қазақстан халқы Ассамбелясы ғимаратында жиын өткізді.

Ақтөбеліктер бүгін Қазақстан халқы Ассамблясы ғимаратында ел астанасының атауын Нұр — Сұлтанға өзгертуге қолдау білдірді.

«Біз, ғасырлар тоғысында дүние есігін ашқан жас ұрпақ, шын мәнінде бақыттымыз! Оның ең бірінші себебі, ата – бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз елде дүние келіп, тәуелсіз, бейбіт аспан астында өмір сүруіміз! Бірнеше ғасыр бойы жоңғарлар мен қалмақтардан тепкі көрген, кейіннен екі ғасыр патшалық Ресей мен 70 жыл Кеңес үкіметінің қол астында болып, төл тарихымыз бен салт дәстүрімізден, ұлттық өнер мен ұлттық тәрбиемізден айрылып, ұлт есебінде жойылу қаупі төнген қазақ халқының тарихында бұл тәуелсіздіктің алар орны мен мән-мағынасы түсінген жан үшін үлкен! Екіншіден, тәуелсіз елде тұлға болып дамуға барлық жағдай жасалды. Қазіргі күні еліміздегі балалар мектепке дейінгі, мектептегі біліммен толық қамтылған. Мектеп түлектеріне алғашқы кәсіп игеру үшін тегін кәсіптік білімде беріледі. ЖОО жыл сайын бөлінетін гранттар саны да ұлғайып келеді. Әлемнің кез келген үздік оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасымен 10 000-нан астам жас біліктілігін арттырды. Көптеген замандастарымыз мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жаңадан өз кәсіптерін ашты», — деді «Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиал төрағасы А. Бүркіталин.

Ол өз сөзінде жастармен бірге жас мемлекетіміз де өскенін атап өтті.

«30 жылдың Қазақстан әлемдегі кез келген мемлекетпен терезі тең тұратын дәрежеге жетті. ЕҚЫҰ мен Ислам елдері конференциясында төрағалық еттік, әлемдік деңгейдегі ЕХРО көрмесін өткіздік, Сирия ахуалын шешуде маңызды рольге ие болдық. Әлемнің бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің қатарына кірдік. Жоғарыда мен көрсеткен жетістіктің екі себебі бар! Ол талай қиындық болса да мойымай, жасымай өткен қазақ халқы және халықты басқарған тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Дәуірлер тоғысында тұтас мемлекетті аяғына тұрғызқан тұлға, жалғыз астананы ғана емес, елді қайта салған азаматқа Елораданың атауын беру тарих алдындағы заңдылық пен барша халықтың борышы деп білемін! Ақтөбелік жастар Астана қаласы атауының өзгеруін қолдайды», -деді ол.

Шараға облыстық мәслихат депутаты, Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Амангелді Есіркепов, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық ұйымының төрағасы, ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев, кәсіпкер, Ақтөбе облысының іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Алтынай Мұханова қатысып, Нұр — Сұлтан атауына қолдау білдірді.

Пікір қалдырыңыз