Сапарбаев міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын сынға алды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев міндетті медициналық сақтандыру қорының облыстық филиал жұмысын сынады. Басшы әр компаниядан түскен қаржыны есептеп, егер аударылған қаржы аз болса әкімдікке хабар беруі керек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Еліміз бойынша міндетті медициналық сақтандыру қорына өткен жылы 133 миллиард теңге қаржы түсті. Ақтөбенің үлесі – 4,6 миллиард теңге.

«Мемлекеттік кірістер департаментімен бірге анализ жасалды. Ақтөбе облысында 34 мыңнан астам заңды тұлға мен жеке кәсіпкер осы 4,6 миллиард теңгені аударды. Сонымен қатар, жарнама төлемей отырған компаниялардың қарызы 14 миллион теңгеден асады», — деді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиал директоры Гүлмира Қожаниязова.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі тау-кен, мұнай компаниялары бола тұра жұмыстың мардымсыз жүріп жатқанын сынға алды.

«Жұмыс дұрыс жүргізілмейді. Барлық басқарма, департамент басшыларымен жұмыс істеп, кәсіпорындармен арадағы келісімді жандандыру қажет. Міндетті медициналық сақтандыру қорының маңыздылығын түсіндіріп, ауыл халқына ұғындырған жөн. Өткен жылдың төртінші тоқсанында өндіріс орындарының басшыларымен кездесіп, жалақыны көтеруге тапсырма берілді. Бәрін өзіңіз есептеп, жұмысшылардан қанша түсетінін алдын алу біліп отыру керек. Егер аз ақша аударылса, себебін сұраңыз. Қиындық болса облыс әкімдігіне, орынбасарына ескерту керек. Республикада 9-орын деген ұят», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: