Банктегі есепшотында 350 мың теңгесі бар ақтөбелік жастар пәтер ала алады

Ақтөбе қаласында 350 мың теңге көлемінде бастапқы жарнасы бар жастар 1 бөлмелі пәтер алуға құқылы, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов қолжетімді баспана алудың талаптарын айтты.

Оның сөзінше, Елбасы жариялаған Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Нұр Ақтөбе» ауданынан 150-ге жуық жасқа пәтер берілмек.

Жаңа бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» филиалымен бірге жүзеге асырылады.

«Бюджеттік немесе әлеуметтік салада жұмыс істеп жүрген 29 жасқа дейінгі жастар аталмыш бағдарламаға қатыса алады. Үміткердің соңғы 5 жыл бойы жеке меншігінде ешқандай тұрғын үйі болмауы керек. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуде тұруы қажет. Үміткер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» шотына орташа есеппен 350 мың теңге көлемінде бастапқы жарна салуы тиіс. Ай сайын шамамен 35 мың теңге көлемінде банк депозитіне ақша салып тұрады. Сонымен қатар, 1 шаршы метрге 100 теңге көлемінде жалдау құны және ай сайынғы коммуналдық төлем өтеліп тұруы керек», — деді Нұрлан Күнтуов.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, үміткермен 6 жылға келісімшарт жасалады. Егер салымшы ай сайынғы төлемді уақытында төлеп тұрса, пәтер жеке меншікке айналады.

«Әзірге пәтерлер мемлекет меншігінде болады. Пәтерлер өзге адамдарға жалға берілетін болса, кері қайтарылады. Сондықтан рейд жүргізіп, тексеріп тұрамыз», — деді Жанаргүл Дүйсекенова.

Айта кетейік, үміткерлер құжатты жеке өздері банкке тапсыра алмайды. Бағдарламаға қатыса алатын жастар туралы тізімді облыстық әкімдік банкке жібереді. Артынша, банктың өзі үміткердің төлем қабілетін тексереді.

«Хатты басқарма, департамент, жоғары оқу орындарының басшыларына жібердік. Сәйкесінше, олар қарамағында жұмыс істеп жүрген жастардың тізімін бізге (облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы — авт.) жолдайды. Әрине, біз ешкімді ренжіткіміз келмейді. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Егер бағдарлама жақсы нәтиже көрсетсе, жұмыс одан әрі жалғасатын болады», — деді Нұрлан Күнтуов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: