Төбелестен соң мүгедек болып қалған ақтөбеліктің туыстары қылмыстық істің тергеуіне күмәнданды

Ақтөбеде 40 жастағы Әзіретқали Баймұратов мүгедек болып қалды. Әйтеке би ауданының Тереңсай ауылында қонақта отырған жерінен оны ұрып, санавиация облыс орталығына жеткізген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбенің Терейсай ауылында болған оқиғаға байланысты қазір Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 2018 жылдың қыркүйек айында болған төбелестен соң екі баланың әкесі, 40 жастағы Әзіретқали Баймұратов санавиациямен облыс орталығынан жеткілген. Ол сол жерде екі апта бойы ес-түзсіз жатты. Ал көзін ашқан кезде көбін танымай қалды әрі болған жайды бірде еске түсірсе, бірде ұмытып қалады.

«15 қыркүйек күні достарының үйіне қонаққа барып, мүгедек болып қалды. Біреулер басынан тепкілей берген. Сол күні достарының үйінде ұзақ жатып қалған әрі жедел медициналық көмек берілмеген. Оны аудан орталығына жеткізіп, кейін санавиация шақырылды. Ессіз жатқан күйінде екі апта өтті. тағы бір ай ауруханада ем қабылдады. Шынын айтқанда, күдікті әлі ұсталған жоқ, тергеу жалғасып жатыр. Біз тергеудің әділ өтіп, кінәлі адамның жазаланғанын қалаймыз», — деді Әзіретқали Баймұратовтың енесі Айнагүл Жұмаханова.

Айта кетейік, науқас Әзіретқали Баймұратовты психиатрлар қарап, оған мүгедектік рәсімдеуге нұсқау берді. Қазіргі кезде тума-туыстары, бауырлары алма-кезек бағып отыр. Себебі, ол өз еркімен далаға шыққан кезде қайта үйін таппай қалады.

«Қабылдау кезінде жәбірленуші Әзіретқали Баймұратовтың туыстары түсірген шағым қаралды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бәрі бақылауда болады», — деді Ақтөбе облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Азамат Құстанов.

Пікір қалдырыңыз