Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігерінің үстінен 45 адам арыз түсірді

Аурухананың бас дәрігері емдеу мекемесін «жеке меншігіне» айналдырып алды, Шалқарда, Ақтөбе қаласында бірнеше үй салды, қызметкерлерді түнде жұмысқа шақырады. Бұл қызметкерлердің арызы. Қазір тексеру басталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысында өткен жылы 4 аурухананың бас дәрігері өзгерді. Олар: Мәртөк, Мұғалжар аудандары мен Жедел жәрдем қызметі, балалар ауруханасы. Ал қазір Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Есмағамбетовтың жұмысын комиссия тексеріп жатыр.

«Аурухананы өзінің «жеке меншігіне айналдырып алды, ешқандай заңға қарамайды деген арыз түсті. Ақтөбе қаласы мен Шалқарда үй салған. Ешкім көрмеді, ешкім естімейді деп ойлауға болмайды. Бәрін халық біледі. Кім қандай көлікпен жүретіні, қандай үйде тұратыны белгілі. Әрі «түнде жұмысқа шақырады, іссапарға шыққанда ақша аудармайды, мәдениеті нашар» деп айтты»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жиын кезінде әріптестерінің алдында Асқар Есмағамбетов өз жауабын берді.

«Қазір осы арызға қол қойған 45 адаммен жеке кездесіп, жұмыс жүріп жатыр. Бірлесіп анықтаймыз», — деді ол.

Алдағы уақытта бұл іс облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің бақылауында болады.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Егер басшы арыз жазған адамдарды қудалайтын болса, басшының өзі жұмыстан кетеді. Бізде ондай бар. Адам еріккеннен шағым айтпайды. Ақшасын алмаса, басшы қиянат жасаса, осылай болады», — деді өңір басшысы.

Пікір қалдырыңыз