Ақтөбеде Астанадағыдай алып арка болады

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтағы сахна түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Ілияс Испанов Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қандай нысандар салынатынын баяндап берді. Оның айтуынша, Орталық саябақтағы сахна – ең өзекті мәселенің бірі.

«Қазір Астана қаласындағы Мәңгілік ел көшесінде салтанатты арка бар. Ол Астананың 10 жылдығына салынған. Сондай арканы Ақтөбенің 150 жылдығына орай орнатқымыз келеді. Оны кейін сахна ретінде де пайдалануға болады. Сахнаны үш бөлікке бөлеміз», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Сондай-ақ, әкімнің сөзінше, Кірпішті ауданында Қазақстанда теңдесі жоқ экстрим саябақ ашылмақ. Бұдан бөлек, биыл Сельмаштағы көпірдің құрылысы бітеді.

«Жол кептелісі болмауы үшін ескі көпірді бұзбай, қасынан жаңасын салып жатырмыз. Құрылысы біткен соң ескі көпір жойылады», — деді қала әкімі.

Пікір қалдырыңыз