Үш жасында мүгедек болып қалған Самғат Ғарифолла Кореяға баратын болды

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Сарат ауылында тұратын Самғат Ғарифолла Корея еліне барғалы жатыр.

9 жастағы бүлдіршін бес жылдан бері мүгедектер арбасына таңылған. Жүрек дертіне қатысты 3 жасында жасалған отадан кейін шауып жүрген бала жүрмек түгілі басын көтере алмай қалған болатын. Мүгедек баланың шетелде толық тексерістен өтуі үшін «Қазхром» компаниясы 3 млн теңге қаражат бөлген.

«Қуанышымызда шек жоқ. «Балам жүріп кетеді» деген үмітті үзген емеспін. Әкімшіліктердің есігін тоздырып, көмек сұрап жүрмін. Сапарбаев мырза аулымызға келген кезде баламды ертіп барып, қолына табақтай арызымды ұстаттым. Қазір «Қазхром» компаниясы Корея еліне тексерістен өтуіміз үшін барлық шығынды көтеріп отыр. Аудан әкімі мұндай мүмкіндікке ие болуға облыс басшысының ықпалы болғанын жеткізді. Әкім мырзаның бұл жақсылығына алғысым шексіз», — дейді мүгедек баланың анасы Ақжамал Есмаханова.

Бүлдіршін бес жыл бұрын ресейік дәрігерлер жасаған отадан кейін сал ауруына шалдыққан.

«Енді 8 мың доллар болса, тексерістен соң Корея ауруханасынан екі апталық ем алуға мүмкіндік болар еді», — дейді Ақжамал Есмаханова.

Анасының айтуынша, бөлінген қаржы тек тексерістен өтуге жетеді. Анасы қосымша ем үшін қаржылық қолдау білдіруді сұрайды. Шалғай ауылда тұратын мүгедек бала Корея еліне ақпан айында барады деп жоспаранып отыр.

Ақжамал Есмаханованың телефон нөмірі:

8778 330 13 16

Каспий Gold 5169 4931 5682 89 67

Пікір қалдырыңыз