Үйден алтын бұйымдар мен ыдыс-аяқ тонаған ақтөбелік бас бостандығынан айырылды

Көрнекі фото

Ақтөбенің Ясный ауылында үйді тонап, бағалы заттарын алып кеткен А.Бадинге үкім шықты. Ол алтын сағат, сырға мен киім-кешекті алып, 1 миллион теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оқиға 2018 жылдың тамыз айында болды. Сотталушы А.Бадин тергеу кезінде анықталмаған адамдармен өзара келісіп, бөтеннің мүлкін тонауға уағдаласты. Сөйтіп, «Богема» ыдысының 2 данасын, құны 500 мың теңгенің алтын сағатын, бағасы 400 мың теңгенің алтын сырғасын, етік, әйелдер туфлиін, пальтоны алып кетеді. Үй иесі бөгде адамның кіргенін бірден біліп, дабыл жүйесінің ескертуімен жылдам келген. Бірақ А.Бадин ескертуге қарамастан қолына түскен бағалы заттарды тастамай, алып кетті. Материалдық шығын – 1,2 миллион теңге. Ақтөбе қалалық сотында осы іс бойынша қылмыстық іс қаралып, сотталушы А.Бадинге үкім шықты. Ол бұрын да ұрлық жасағаны үшін істі болып, түрмеге отырған болып шықты. Үйді тонау бойынша өз ісін мойындамады.

«Артур Бадин Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Бұрын өтелмеген жазасы қосылып, түркілікті 6 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жәбірленушінің 1 230 000 теңге материалдық шығыны өндірілсін», — деді судья Т.Алданов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: