Отбасымен ажырасқан астаналық Ақтөбедегі қарттар үйіне келді

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйін паналаған Жұмабек Ажинов өзінің Астанадан келгенін айтады. Елордада жұмысы істеп, жол-көлік апатына түскен соң екі көзі көрмей қалған.

«Мені Астанадан Ақтөбеге ауыстырды. Жағдайым жақсы. Екі көзім де көрмей қалды. Оған бес жыл болды. Бұрын көрді, түрлі зауытта еңбек еттік. Көлік қағып кетіп, қараңғылыққа тап болдым. Астанадағы қыш зауытында, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауытта жұмыс істедім. Жасым 70-те. Балаларым, жұбайым бар. Ренжісіп, өзім кетіп қалдым», — деді Жұмабек Ажинов.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында туысы, танысы жоқ. Астанадан Ақтөбеге ауыстырылған Жұмабек Ажинов музыка тыңдап, жан-жағындағы адамдармен әңгімелесіді. Бір бөлмеде екі адам жатады.

«Көзім көрмейді, бірақ денсаулығым жақсы. Астанаға қайта бару туралы ойламадым. Ұлдарым да келген емес. Олар жұмыста әрі ұрыс болды»,- деді ол.

Айта кетейік, Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінде 200-ден астам адам бар. Оның 90-нан астамы мүгедек.

«Ауырған адам, үйінен балалары, туыстары қуып шыққан адам қарттар үйіне келеді. Заман осы, сыйластық жоқ. Интернатқа келгендt көп адаммен сөйлесіп, осыны білдім. Шындық бұл. Көбі айтпайды, жасырады», — деді Жұмабек Ажинов.

Пікір қалдырыңыз