Мемлекеттік агенттік пәндік олимпиадалардың әділ өтетініне күмән келтірді

Көрнекі фото: akt.gov.kz

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан ашылған «Адалдық алаңы» жобасы білім саласы басшыларына ескерту жасады. Мамандар білім ошақтарында өткізілетін олимпиадалардың әділ өтетініне күмән келтіріп, тәуелсіз сарапшылардың санын арттыруды ұсынды.

«Пәндік олимпиадаларда конверттері ашу және мөрлеу жұмыстары кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы мүмкін деген пікірде қалдық. Себебі, құжатты мөрлеу кезінде кемшіліктерге жол беріледі. Мөр екі жағынан ашылатын конверттің бір жағына ғана басылып жүрген жағдайлар бар. Осыны ескеру керек. Халық арасында олимпиадалардың таза өтпейтіндігі, алын ала шешіліп қоятындығы туралы жиі айтылады. Сол себепті комиссия құрамына тек мұғалімдер емес, қоғам белсенділері тартылу керек екендігін атап өткіміз келеді», — дейді Адалдық алаңы жобасының жетекшісі Ақансері Сұлтанбеков.

Жобалық кеңсе қызметкерлері 4-5 қаңтар күндері мектеп оқушылары арасында өткен жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңдерінде тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Пікір қалдырыңыз