Ақтөбе облысында аудан біріншілігінде хоккейден бірінші орын алып жүрген ардагерлер жұртты таңғалдырды

Байғанин ауданында өткен жарыста 48-60 жас аралығындағы ардагерлер тағы да жастарға дес бермеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жастық кезінде хоккей ойнаған, бірақ қазір түрлі маман иесі атанған байғаниндіктер ардагерлер өз командасын құрыпты. Олар үшінші жыл қатарынан аудан чемпионы атанып келеді. Құрамында такси жүргізушісі, электрик, спорт мектебінің директоры мен орынбасары бар ардагерлер командасы жастарды шаң қаптырды. Техникалық колледждің студенттері мен мұғалімдері адрагерлерден қалып, екінші орын алды. Ал үшінші орын Т.Жармағанбетов атындағы орта мектепке бұйырды.

«Жарысқа 10 команда қатысты. 17 жастан асқан кез келген тұрғын қатыса алды. Ардагерлер командасындағы спортшының ең жасы 48-де, үлкені 60 жасқа толған. Үш жыл қатарынан аудан біріншілігінде озып тұрмыз», — дейді команда мүшесі, «Темірқазық» аула клубының нұсқаушысы Мейірбек Үркімбаев.

Ең қызығы, Мейірбек Үркімбаев хоккейші емес, кәсіби палуан. Негізгі уақытында балаларға күресуді үйрететін нұсқаушы қысқы уақытта хоккей үйірмесінен сабақ береді. Оның сөзінше, жергілікті билік хоккей корттарын салуда көп іс атқарып жатыр. Дегенмен, балаларды спорттық киім-кешекпен жабдықтауда қиындықтар бар.

«Қазір ақша болса, мәселе жоқ. Жас кезімізде байпаққа коньки байлап, ойнайтын едік. Ал қазір коньки толып тұр. Дегенмен, балаларға кәсіби жабдық керек. Бір қақпашының киім-кешегі 600 мың теңге, ал ойыншының жабдықталуы 150 мың тұрады», — дейді Мейірбек Үркімбаев.

Пікір қалдырыңыз