Ақтөбеліктерге желтоқсан айындағы мерекелерге байланысты 3,1 млрд. теңге сыйлықақы берілді

Ақтөбелік кәсіпорындар облыс басшылығының Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мерекелеріне байланысты қызметкерлерге сыйлықақы беру туралы үндеуін қолдады.

«Басқарма аймақтағы шағын және ірі кәсіпорындардың қызметкерлеріне желтоқсан айындағы мерекелерде сыйақы берулеріне қатысты талдау жүргізді. Жалпы, 176 кәсіпорынның 37 мың қызметкері сыйлықақы алған. Бір қызметкердің орташа сыйақы мөлшері 85 мың теңгені құрады. Жалпы алғанда қызметкерлерге 3,1 млрд. теңге төленді», — деп хабарлады облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан.

Қызметкерлерге сыйақы, сондай-ақ жыл сайынғы дәстүрлі 13-і жалақы төлеген компаниялардың қатарында «Қазхром» ТҰК АҚ, «Ақтөбемұнайгаз» СНПС, «ҚазақОйл» ЖШС, «Сағыз Петролеум» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «КМК Мұнай» АҚ, «Аман Мұнай» ЖШС және т.б бар.

Жаңа жыл қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары да назардан тыс қалған жоқ.

Осылайша, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған барлығы 15 мыңнан астам бала жаңа жылдық іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына қатысты. Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 3 626 балаға «Балаларға қуаныш сыйла» атты ауқымды акция ұйымдастырылды, оның шеңберінде мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері Аяз атамен және Ақшақармен бірге үйлерді аралап, балаларды мерекемен құттықтады, сыйлықтар табыс етті.

Пікір қалдырыңыз