Жылу беру мекемесінің жұмысшысын балағаттаған ақтөбелік көптің алдында кешірім сұрады

Әлеуметтік желіде «Трансэнерго» АҚ-ның қызметкерін балағаттаған ақтөбелік көптен кешірім сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде коммуналдық мекемелер арасында «Трансэнерго» АҚ бірінші болып әлеуметтік желідегі жазбаға қатысты қалалық сотқа талап арыз жазды. Мекеменің инстаграм парақшасында заң бөлімінің бастығы Әсел Байменшина оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Оның сөзінше, 20 қараша күні инстаграм желісінде ақтөбелік тұрғын «Трансэнерго» АҚ бақылаушысын балағаттаған. Осылайша, ол қызметкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтірді.

«Өкілетті органдар арқылы бұл адамды тауып, қалалық сотқа арыздандық. Арызымыз толық қанағаттандырылды. Жауапкер өз кінәсін мойындады. Ол «Трансэнергоға» келіп, жұмысшылардың алдында кешірім сұрады. Моральдық шығынды төледі. Қазір мәселені бейбіт жолмен шешу келісімшарты жасалды», — деді Әсел Байменшина.

Мекеме өкілі әлеуметтік желіде балағат сөздер жазатын адамдардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 131 бабына сәйкес адамдардың ар-намысына тиетін сөз айтса ол жауапкершілікке тартылады, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондықтан әр сөзімізге абай болып жүргеніміз дұрыс», — дейді Әсел Байменшина.

Пікір қалдырыңыз