Ақтөбе облысында тапсырманы нашар орындаған мемлекеттік органдардың басшылары ескерту алды

Ақтөбе облысында мемлекеттік органдардың орындаушылық тәртіптеріне қойылатын талаптар артуда
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарындағы орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды.

Жиын кезінде облыс әкімі аппаратырының басшысы Нұржауған Қалауовтың 2018 жыл ішіндегі орындаушылық тәртіп бойынша істердің жалпы жағдайы туралы баяндамасы тыңдалды.

Оның айтуынша, 2017 жылмен салыстырғанда мемлекеттік органдар жұмысындағы орындаушылық тәртіптің жалпы деңгейі айтарлықтай өскен. Заң бұзушылық шамамен екі есеге азайыпты. Алайда, есептік кезең ішінде уақытында орындалмауы орын алып, кейбір тапсырмалардың орындалу сапасы төмендеген.

Нұржауған Қалауов орындаушылық тәртібі нашар мемлекеттік органдардың басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдады. Нәтижесінде, дене шынықтыру және спорт, құрылыс, кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына, Ырғыз және Әйтеке би аудандарының әкімдеріне ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылмақ.

Ақтөбе қаласының әкімдігі тапсырмаларының орындалуын бақылайтын лауазымды тұлға, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және ТҚШ, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

Орындаушылық тәртіп саны көбірек бұзылған индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысына сөгіс жарияланды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдардың орындаушылық тәртібін бақылауды күшейтудің бірқатар шаралары қабылданады.

Пікір қалдырыңыз