Астана: Фрилансерлер енді міндетті зейнетақы жарнасын төлемейді

Бірнеше жұмысты қатар істейтін, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатындар (немесе фрилансер) міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. Оларға міндетті зейнетақы жарнасын жұмысқа алған компания, жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам төлеуі тиіс. Бұл туралы 4 қаңтарда Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Министрлік хабарламасында 2018 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға «міндетті зейнетақы жарнасын төлеу процедурасын жеңілдететін өзгерістер енгізілгені айтылады.

Бұл өзгерістерді іске асыру үшін 2019 жылдың бірінші тоқсанында тиісті құжаттарға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұдан соң азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатын азаматтар міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. Дегенмен, мұндай азаматтар зейнетақы қорына өздігінен зейнетақы жарнасын төлей алады.

Пікір қалдырыңыз