Ақтөбе облысында әкімнің үйінде қонақ болған балалардың арманы орындалды

Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз үйіне шақырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Күзде Темір ауданының әкімі болып тағайындалған Жолдас Қалмағанбетов Шұбарқұдық кентіндегі балалар үйіне барып, тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты. 2001 жылы ашылған балалар үйінде 10 бала тәрбиеленіп жатыр. Балалардың көбі өзге ұлт өкілінен болса да барлығы қазақша сөйлейді. Үйдің меңгерушісін «ана» деп атайды екен.

«Қараша айында бізге әкім келді. Ол балалардың армандары жайлы сұрады. Сонда Борис есімді бала «Біздің үйді көрдіңіз, енді сіздің үйде қонақ болғымыз келеді» деді әкімге. Осылаша, жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсан күні балалар әкімнің үйінде болды», — дейді Темір ауданының отбасы үлгісіндегі балалар үйінің басшы-ана тәрбиешісі Жанар Кокаманова.

Әкімнің үйінде қонақ болған балалар бар өнерлерін паш етті. Домбыра тартты, ән айтты. Аяз ата мен ақшақардан бағалы сыйлықтар алып, әрқайсысына ұялы телефон табысталды.

«Балалар өз ата-анасымен сөйлескендей әкімнің үйінде еркін отырды. 2013 жылдан бері балалар үйінде жұмыс істеп келемін. Бірақ әкімнің үйіне бұрын-соңды барып көрмедім. Әкім балалардың кішкентай ғана арманын орындап, жаңа жылда ғажайыптар болатынын көрсетті», — дейді Жанар Кокаманова.

Пікір қалдырыңыз