«Ақтөбе» қызылордалық «Қайсардан» жеңіліп, жетінші орынға түсіп кетті

Қазақстандық Премьер-Лиганың соңғы 33-турында «ақ-қызылдар» өз алаңында «Қайсардан» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

«Ақтөбе» биылғы соңғы ойынында өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Өз жерінде қызылордалық командаға дес берді.

Ойынның 17-минутында қарсылас команданың шабуылшысы Игорь Зенкович оң қапталдан келген допты қақпаға дəл көздеді. Есеп 0:1 болды. Біраз уақыттан кейін қайтадан Зенкович қорғаушылардың қателігін сəтті пайдаланып, есепті екі еселеді.

Осылайша, Владимир Мұхановтың командасы өз жерінде қызылордалықтардан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

«Маусымның соңғы ойынында жанкүйерлерімізді қуанта алмағанымыз қынжылтады. Олар бізді маусым бойына қолдап келді. Кестеде жоғары орыннан көріну үшін бізге бүгін жеңіс өте қажет еді. Кей кезде бір нәрсені қатты қалап тұрсаң да бәрі керісінше болып жатады. Біздің бүгін ойынымыз жүрмей қойды. «Қайсар» әуедегі допқа жақсы таласып, қысым жасаумен болды. Бірақ оның да шегі бар шығар? Меніңше, жігіттер жеңісті қатты қалағандары соншалықты, ойынға керекті эмоцияны ойын басталмай жатып сарқып қойды. Нәтиже-нәтиже деп тізелері дірілдеп кетті. Сосын алыс пастарға көштік, алайда бұл біздің ойынымыз емес еді. Бізде бойшаң шабуылшы жоқ. Сондықтан да жүйке жұқарталық ойын болды», — деді бас бапкер Владимир Мұханов ойын біткен соң.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: