Үй кезекпен беріледі

Үй кезегі келгендерге қараша, желтоқсан айында Ақтөбеден 353 арендалық үй беріледі. Ал келесі жылы 11 үй салынып, 7 үйдің 1150 пәтерін беру жоспарланған. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мавр Абдуллин «Нұр Отан» филиалында өткен қоғамдық қабылдауда мәлімдеді.



Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың 60 пайызы тұрғын үймен қамту мәселесін көтерді. Қала әкімі оларға үйдің кезекпен берілетінін жеткізді. Сондай-ақ 2019-2020 жылға 2 пайызбен берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасының талабын түсіндірді. Тағы бір мүмкіндік ретінде алғашқы жарнасы жоқ «Самұрық Қазына» ұлттық қоры бағдарламасымен танысуды ұсынды.

Қала әкімінің айтуынша, қазір үйлер 2006 жылы тіркелгендерді аяқтап, 2007 жылы тіркелгендерге беріліп жатыр. Үй салынбай жатқан жоқ. Есесіне кезекке тіркелушілер де көп. Қазір мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқандықтан тұрғын үй кезегі алға жылжыды. Тұрғындардың арасында кезекке қазір немесе 2018 жылы тіркеліп, үй сұрайтындар бар.

Кейбір тұрғындар «Бақытты отбасы» бағдарламасының талабына табысы жетпейтіндіктерін, «гарант» таба алмай отырғандарын, несиесін жаба алмағандықтан бағдарламаға қатыса алмай отырғандарын айтты.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: