Ресейлік ғалым Жаманшың кратерінің жерін жалға бермеуді сұрады

Өңірде Жаманшың кратеріне халықарарық ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық конференция өтті. Зерттеуші Павел Флоренский кратерді қорғауға алып, туризмді дамыту жұмыстары кезінде жерді жалға бермеуді сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратері осыдан 1 миллион жыл бұрын пайда болған. Ғалымдардың зерттеу жұмысынан соң мұнда иргизит пен жаманшинит тектиттері түзелді. Әлемде бағалы әрі геологиялық зерттеу кең жүргізілген бұл мекен Қазақстанның киелі географиясына енген. Бүгін сол жерді қорғау, әрі қарай зерттеу жүргізуге қатысты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Жаманшың кратерін зерттеген профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Павел Флоренский қатысты.

«Жаманшың кратерінде алмаз бар, бірақ ол әшекей жасауға келмейді. Яғни, тым ұсақ, аз. Иргизит тектиттері жаңбырша жауған әйнек, ал жаманшинит жарылыс кезінде түзілген ерітіндінің бірігуі. Ғылым академиясы арқылы әлемнің әр түкпіріндегі лабораторияларына, музейлеріне жібердім. Нәтижесінде әлем бойынша зерттелген кратерлердің қатарына кірді. Жаманшың адамдардың қызығушылығын арттырып келеді. Алдағы уақытта жақсы туристік маршрут ашу керек. Ол үшін жол салып, қонақ үй құрылысын жүргізген дұрыс. Ырғызда тұратын адамның гид болғаны қажет. Мұндайда жерді жалға беру нұсқасы қарастырылуы мүмкін. Ұлттық құндылықты саудаға салып, жерін жалға берудің, одан бизнес жасаудың қажеті жоқ», — деді Зерттеуші Павел Флоренский.

Айта кетейік, кратердің ішкі сақинасының өлшемі 5,5 шақырым, сыртқы өлшемі 10 шақырым. Қазір мұнда бір адамның бейіті бар. Ғалымдар құлпытастағы жазбаны оқи алмады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: