Облыс Арыстағы жөндеу жұмыстарын ертең аяқтайды

Арыстағы жөндеу жұмыстарына Ақтөбеден 6 құрылыс компаниясы мен 400-ге жуық адам жұмылдырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Түркістан облысының Арыс қаласы бойынша 12-ші сектор Ақтөбе облысына бекітілген. Қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін алдымен үйлер саны белгілі болды. Барлығы 789 жеке үйдің 500-ден астамына зақым келген. Алдымен акт толтырылып, 246 үйдің иесі жазбаша түрде ешқандай зақым келмегенін, жөндеуді қажет етпейтінін мәлімдеді.

«Дегенмен өздері бас тартқан адамдардың 73-і Арыс қаласының әкімдігіне арыз түсіріп, жөндеу жүргізіп беруін сұраған. Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек арыз жазып, мүгедектер мен ардагерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар тұратын үйді жөндеп беруін сұрады. Мәселен, жарылыс кезінде қаза болған әскери қызметкер Бауыржан Әлімбековтың үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде қаза болған көпбалалы отбасының бітпей тұрған үйі де салынды. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін 37 үй тіркелсе, оның 24-де жұмыс толық аяқталды. Сол 73 адамның өтінішінен соң жұмысты толық аяқтау мерзімін ұзартуға тура келді», — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ал екі үйдің иесі техникалық сараптама қорытындысымен келіспей, күрделі жөндеу жұмыстарын тоқтатуға тура келген. Үй иелері өтемақыны қаржылай беруді сұраған.

Айта кетейік, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары 11 қыркүйекте бітуі тиіс. Ал құрылыс жұмыстарын 6 компания мен 395 адам атқарып жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: