Төрт жасар бала құтқарылды

Ақтөбеде жетім қалған төрт жасар бүлдіршін «Үміт» сәбилер үйіне жеткізілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Анасы қайтыс болғаннан кейін сал ауруына шалдыққан бүлдіршін өгей әкесінің қолында қалып қойған. Ішімдікке салынған ер адам науқас бүлдіршінге қарамаған. Баланың мүшкіл жағдайы еріктілердің көмегімен полицияға хабарланды.

«Баланың жағдайы туралы бізге оқырмандарымыз хабарлады. Сол сағатта полицияға хабар беріп, қараусыз жатқан баланы «Үміт» сәбилер үйіне әкелдік. Кішкентай қыз қатты қиналған», — дейді ерікті Екатерина Голотина.

Қазір сәбилер үйінде балаға ем жасалып жатыр.

«4 жастағы қыз бала біздің мекемеге полиция қызметкерлерімен 12 тамыз күні әкелінді. Бүгінде баланың жағдайы орташа ауырлықта деп айтуға болады. Туа бітті жүрек ауруымен де есепке алынған. Нәресте кезінде жүрегіне ота жасалған. Оның үстіне балада анасынан берілген ЖИТС жұқпалы ауруының белгілері бар», — дейді «Үміт» балалар үйінің бөлім меңгерушісі Нұргүл Сарманова.

Полиция қызметкерлері бүлдіршіннің мемлекет қамқорлығында болатынын жеткізді. Себебі баланың туыстары ішімдікке салынған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: