Шалқарлық шенділер қылмыстық жауапқа тартылады

Шалқар ауданы әкімшілігі және «Шалқар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мекемесінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ауданда төрт көшенің жөндеу жұмысына бөлінген қаржы талан-тараж болған. Прокурорлар Шалқар қаласында Тұңғатарова, Боранбайұлы, Бостандық және Қарағұл көшелерінің жөндеу жұмысына арналған 29 645 669 теңгенің қолды болғанын айтады. Жөндеу жасалмаған жұмыстар қабылданып кеткен.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментімен ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен екі мекеме тұлғаларына қатысты іс қозғалды. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда, сот-экономикалық сараптамасы тағайындалып жүргізілуде, қорытындысы дайын емес, сонымен қатар іске қатысты тұлғалардан жауап алынуда»,-дейді прокурор Жәнібек Төребеков.

Заң бұзушылық Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының ауданда жүргізген тексеру жұмыстарынан кейін тіркелген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: