Ақын-жазушылар драма театр мен орталық кітапхана салуды ұсынды

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин ақын-жазушылардың ұсынысын тыңдады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жазушылар Одағының 85 жылдығы ел ішінде кең аталып өтіп жатыр. Таяуда Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулетті Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев қабылдады. Бүгін ақын-жазушыларды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабылдап, алдағы жұмыстармен, жоспармен бөлісті.

«Бұған дейін бірер кездесу болып, бірнеше ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныстар бәріне аян. Алдағы уақытта жоспарды іске асыру үшін нақты жоспар құрылады. Мәселен, қоғамда өнерді дәріптейтін, әдебиетті сүйетін мәдени ортаны тәрбиелеу мақсатында тың жобалар мен шараларды өткізуге бағытталған қоғамдық қор құру қолға алынды. Қор осы саланың адамдарын қолдауға, мәдени-бұқаралық шара өткізу жоспарын құруға бағытталған. Алдағы уақытта мүшелері бекітеледі», — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар, облыстық кітапхана да салынады. Жобалық-сметалық құжат дайындау басталды. Алдағы уақытта қазақ драма театры да бой көтеруі мүмкін. Жаңа ғимараттардың әзірге қай жерде бой көтеретіні белгісіз. Кездесу кезінде қыркүйек-қазан айларында Ізтай Мәмбетовтің 90, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтың 85 жылдығына арналған мәдени-танымдық шаралар облыс орталығы мен Байғанин, Алға аудандарында ұйымдастырылатыны белгілі болды. Әрі «Әдебиет әлемі» рухани орталығы және жергілікті ақын-жазушылар аллеясы салынады.

«Әлия Молдағұлованың музейін салуды өлкетанушы Рысжан Ільясова айтып еді. Бұл дұрыс. Қазақтың батыр қызына арнайы музей салу қажет деп есептеп, жобалық-сметалық құжат дайындауға тапсырма берілді», — деді Оңдасын Оразалин.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: