Ақын «Гарри Поттердің» бір томын қазақшаға аударды

Ақын Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттердің» алғашқы томын қазақ тіліне аударып қойды. Енді автордан заңды рұқсат алу керек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақын-жазушылармен кездесуінде бірнеше ұсынысты тыңдады. Соның бірін жастар айтты.

«Кітапхана әдебиет пен мәдениетті тоғыстырып отыратын нағыз қазына аралы деп айтар едім. Бірнеше жыл бұрын 4-5 сынып оқушысы кітапханаға келіп, «Гарри Поттердің» қазақ тіліндегі нұсқасын сұрады. Сол баламен сөйлесіп, кітапты аударуға келістім. Жылдар өтті, қазір бір томы аударылды. Енді оны баспадан шығару үшін авторлық құқық керек екен. Автордан рұқсат алу үшін мемлекет немесе жергілікті әкімдік келісім жасауы тиіс. Талап осы. Мен осы кітапты шығарғым келеді, әкімдіктен көмек қажет», — деді ақын Гүлжайнар Қалдина.

Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер детективтерді, мотивациялық кітаптарды оқиды. Ал сұранысты қанағатандыратын шығарма қазақ тілінде жоқтың қасы.

Кейін ақын, Сағи Жиенбаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина «Ел ағалары кітапханада» деген жобаны ұсынды.

«Ағаларымыз келіп, кітапты насихаттап, сөйлеу, өз-өзін ұстау мәнерін көрсетіп, насихаттаса жастар жаман жолға түспес еді. Мен алғашқы болып сізді шақырамын», — деді Гүлжайнар Қалдина облыс әкімі Оңдасын Оразалинге.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: