Ақтөбелік палуандар әлем чемпионы болып оралды

Белбеу күресінен Өзбекстан елінде өткен додада ақтөбелік екі палуан алтын тақты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Өзбекстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен әлем чемпионатына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай және Жапония елдерінің мықтылары қатысты. Ақтөбеден ел намысын қорғауға аттанған Нұрсәт Көшербай 85 кг салмақта, ал қыздар арасында Сұлушаш Бөкенбайқызы 44 кг салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз болды. Бақтары жанған қос спортшы жарыстың оңай соқпағанын, бұрмалаушылықтар орын алғанын да айтты.

«Бірінші кездесуімде өзбек қызын жеңдім. Екінші кезеңде жергілікті өзбек палуанымен өткен сайыс қиындау соқты. Өз елінде өтіп жатқасын бұрмалаушылықтар да көп болды. Бірақ, мен ол спортшыны тазамен жеңдім. Финалда тәжік балуанымен өткен сайыста да әдісті оның пайдасына беріп жатты. Соңғы сәттерінде тазаға лақтырып алтын алдым. Осыған дейін үш рет ел чемпионы болдым. Сол жинаған тәжірибем көмектесті», — дейді жас спортшы Сұлушаш Бөкенбайқызы.

Бірінші орын алған қос спортшының әрқайсына ұйымдастырушылар тарапынан 1500 доллар көлемінде сыйақы берілген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: