Оқулық сатып алуға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды

Биыл 4, 9, және 10 класс оқулықтарын сатып алуға 1 миллиард 936 миллион теңге жұмсалды. Яғни, дәл осы класс оқушылары түгел оқулықпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оқулықтар 25 тамыздан бастап облысқа жеткізіледі. Барлығы 15 баспаханамен келісімшарт жасалып, кітапты жеткізу жұмысы жүріп жатыр.

«1 қыркүйекке дейін ата-аналар балаларына кітапты толық алып болуы керек деген жоспар бар. Биыл 5 жастағы балалар мектеп алды даярлық тобына барады. Ол оқулықтарды ата-аналар өздері сатып алады. Бұл туралы алдын ала ескерткілді. Әрі 31 желтоқсанға дейін 6 жасқа толатын балалардың бәрі 1 класқа қабылданады. Әртүрлі себепке байланысты балалар дайындықтан өтпесе 273 мектепте даярлық тобы ашылып, жұмыс істеп тұр. Биыл Әліппе болады деп айта алмаймыз. Сабақ Сауат ашу оқулығымен жүреді», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, биыл 19,5 мың бала 1 класқа барады. Электронды түрде 13 700 бала қабылданды. Өзгесі 1 қыркүйекке дейін мектепке келеді деген жоспар бар.

«Ақтөбе қаласындағы балалардың 90 пайызы мектепке қабылданды. Аудандардағы балалар үшін мектепте орын жеткілікті. Сондықтан ата-аналар 31 тамызға дейін құжат тапсырса да үлгереді. Негізі Ойыл, Ырғыз, Байғанин аудандарындағы ауылдарда құжат қағаз жүзінде қабылданып жатыр. Егер ата-аналар қала мектептерінде электронды түрде құжат тапсыра алмаса мектепке барып, сол жердегі маманның көмегіне жүгіне алады», — деді Ләззат Оразбаева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: