Алғалықтар құрбан айт мерекесін дүркіретіп атап өтті

Бестамақ ауылында мұсылмандар мерекесі жоғары деңгейде тойланды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Aлға қаласында бастау алған құрбан айт мерекесі Ақтөбе медресе колледжінің ұжымы және Бесқоспа ауылының тұрғындарының ұйымдастыруымен Бестамақ ауылдық округінде жалғасты. Ауыл маңында киіз үйлер тігіліп, қазандар асылды. Жиналған қауымға мерекелік концерт қойылып, ауыл тұрғындарына ас берілді.

Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар өтті. Аламан бәйге бойынша бірініші орынға 300 мың теңге, екінші орын 200 мың теңге, үшінші орын 100 мың теңге көлемінде қомақты қаржы тігілді. Жиналғандарды ерекше қызықтырғаны — «қой көтеру» жарысы болды. 65 кг салмақтағы қойды 45 мәрте көтерген 59 жастағы ембілік азамат жарыстың шарты бойынша өзі көтерген қойды иеленді. Веложарыс, 100 м қашықтыққа жүгіру, арқан тарту сынды жарыстарға сексенге жуық адам қатысқан.

Құранның отыз парасын жатқа оқудан өткізілген жарыста қатысушыларға Құран Кәрім сыйға тартылса, жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар берілді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: