«Бақытты отбасы»: Пәтердің бәрі «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданынан беріледі

Алдағы үш жылда «Бақытты отбасы» бағдарламасымен пәтер беріледі. Жаңа үйлердің бәрі «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында салынып жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алу үшін құжаттар элекронды түрде қабылданады. Бұл ашықтықтың кепілі болмақ.

«Пәтер сатып алушы өтінішті үйінде отырып, электронды түрде береді. Baspana.kz сайтынан Ақтөбе облысын таңдап, пәтерді қарауға болады. Қабаты, аумағы шығады. Өтініш берген соң бес күнде құжаттарын банкке тапсырады», — деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиал директоры Жеделбек Мырзағалиев.

Айта кетейік, үйінде компьютері жоқ адамдар банкке барады. Банк бөлімшесінде екі компьютер қойылған.

«Адамдар пәтерін таңдаған соң төлем қабілеті расталады. Пәтерін барып, қарап, танысады. Егер ұнамаса кез келген уақытта бас тарта алады», — деді Жеделбек Мырзағалиев.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік бағдарламамен 8 мердігер үй салып, пәтер ұсынып отыр. Қазір сайтта бір бөлмелі пәтер құны 5,2 миллион теңгеден басталған. Ал үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 9 миллион теңгеге жетті.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: