Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Президентінің биылғы күзге жоспарланған Бішкекке сапарының аясында қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі арттыруға бағытталған алдағы өзара іс-қимылдарды талқылады», делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас қырғыз халқына бейбітшілік, тыныштық және береке тіледі.

Айта кетерлігі, бұған дейін Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуалды Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейтіндігін және жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенетіндігін жеткізген еді.

Еске салайық, кеше Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Қой-Таш ауылындағы үйінде ұстау операциясын жүргізгені хабарланды.

Кейін атыс болғаны мәлім етіліп, Шу облыстық ІІББ-нің жедел тергеу тобы милицияға түскен қоңырау бойынша оқиға орнына аттанды. Сол жерде 45 адам зардап шеккен. Түнгі сағат 03:00-дегі жағдай бойынша, олар Бішкек қаласы мен Шу облыстық біріккен ауруханаларына түрлі жарақатпен жеткізілген.

Айта кетсек, бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Атамбаевқа қатысты депутаттар тарапынан тағылған айыптарды зерттеу бойынша арнайы депутаттық комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде оған 6 эпизод бойынша айып тағу шешімі қабылданды. Алайда Бас прокуратура комиссияның жұмысын заң тұрғысынан бағалай келе, тек бес эпизодты қалдырды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: