Балалар үйінің бүлдіршіндері Абай өлеңдерін жатқа оқыды

Ақтөбедегі «Аяла» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап әдеби кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мемелекет басшысы бастаған эстафетаны бүгінде шенеуніктер мен шоу-бизнес өкілдері жалғастырып жатыр. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін насихаттауға арналған эстафетаны Ақтөбедегі «Аяла» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері жалғастырды. Осыған дейін балалар Абай эстафетасын әлеуметтік желі арқылы «Жүректен жүрекке» еріктілер тобына жолдаған еді. Енді бүлдіршіндер басқалардан озық шығып, «Ұлыдардың ұлысы — Абай» атты кешті ұйымдастырды. Өмірдің қиындығын ерте көрген балалардың мақсаты Абай мұрасына үлес қосу.

«Бүгінде «Аялада» отыз жеті бала бар. Мерекелік кешке он бір бала қатысты. Басқа балалар жазғы сауықтыру лагерьлерінде жүр. Кішкентайларымыз Абай өлеңдерін жатқа айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Осы кешке балалар бір апта бойы дайындалды. Кештің жүргізушілері де ерекше болды. Абай өлеңдерін де оңай жаттап алды», — дейді «Аяла» балалар үйінің тәрбиешісі Айгерім Төлепбергенова.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде «Аяла» орталығынан жасөспірім балалардың қашып кеткені туралы ақпарат шыққан еді. Бірнеше рет іздеу салып, бес-алты күн дегенде табылған Әлішер де бұл кештің басты белсендісі болды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: