Беларусьте жыл басынан бері екі адам өлім жазасына кесілген

Беларусьте «екі адамды өлтірді» деп айыпталған Виктор Павловты өлім жазасына кесті, деп жазады Азаттық

Минскідегі «Весна» құқық қорғау тобының хабарлауынша, Витебскі қалалық соты Виктор Павловтың былтыр желтоқсанда апалы-сіңлілі екі зейнеткер әйелді өлтіріп, үйінен ақша ұрлағанын анықтаған. 50 жастағы Павлов сотта ісіне өкінетінін, өзін өлім жазасына кеспеуін сұраған.

Беларусьте жыл басынан бері осымен екінші адам өлім жазасына кесіліп отыр. Биыл қаңтарда «екі қызды өлтірді» деп айыпталған 36 жастағы Александр Осиповичке де сот өлім жазасын берген. Оның үкімі орындалды.

Беларусь — Еуропадағы және постсоветтік кеңістіктегі өлім жазасы әлі күнге дейін қолданылатын жалғыз мемлекет. Беларусь заңдары бойынша, сот үкімі орындалғанға дейін туыстарына сотталушының өлгенін хабарламайды, мәйітін бермейді және оның қайда жерленгенін жарияламайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропа Одағы Беларусьте өлім жазасының әлі күнге дейін қолданылатынын айыптайды. 2017 жылы сәуірде БҰҰ-ның Беларусьтегі адам құқығының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы елде әділетті және тәуелсіз сот жүйесі жоқ болғандықтан сотталушыларды өлім жазасына кесу даулы мәселе екенін мәлімдеген.

Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко өлім жазасын қолдайтынын бірнеше рет айтқан.

Құқық қорғаушылар дерегінше, 2018 жылдан бері елде өлім жазасына байланысты төрт үкім шығып орындалған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: