Ақмолалықтар жемқорлыққа қарсы қызметке Facebook арқылы жүгіне алады

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Facebook-те парақша ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, азаматтардың жемқорлыққа қарсы иммунитетін күшейтуге айрықша көңіл бөледі. Агенттік қызметінің негізгі ұстанымы ашықтық және қолжетімділік болып табылады. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың Facebook әлеуметтік желісінде парақша ашуы және оған азаматтардан көптеген өтініштердің келіп түсуі осының жарқын мысалы. Бұл шараның мемлекеттік аппаратқа деген сенімнің артуына, халықпен шұғыл әрі сапалы байланысты қамтамасыз етуге ықпал еткені сөзсіз.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің жаңа тағайындалған басшысы Мұрат Төлеубаев жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап қату және оларды әлдеқайда толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында Facebook әлеуметтік желісінде өзінің жеке парақшасын ашты», дейді ведомстводан.

Парақша аша отырып, Мұрат Төлеубаев облыс тұрғындарына арнап өзінің алғашқы постын жариялады.

«Қазіргі уақытта интернет-ресурстар жаңа мәнге ие болып, мемлекет пен азаматтар арасындағы байланыстың маңызды құралына айналуда. Әлеуметтік парақша Сіздер өз сұрақтарыңыз бен мәселелеріңізді айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды жеткізе алатын тиімді диалог алаңына айналатынына сенімдімін. Осындай өзара ынтымақтастық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде ашық, тиімді әрі жедел әрекеттестіктің көкжиегін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз», — деп жазды Мұрат Төлеубаев.

Департамент басшысының айтуынша, әлеуметтік желілердегі өтініштер департаменттің жұмысына қоғамдық пікір призмасы арқылы қарап, нақты кемшіліктерді көруге мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: