Ақтөбелік палуан халықаралық турнирде топ жарды

Есет Қуанов дзюдодан Азияның ашық кубогы бойынша өткен жарыста алтын тақты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтауда ауылшаруашылығының үздігі Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Дүбірлі жарысқа Ресей, Испания, Моңғолия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран және еліміздің әр облысынан 300-ге жуық спортшы қатысты. Екі күн бойы үздіктер анықталып, 66 кг бойынша ақтөбелік палуан Есет Қуанов өз салмағында үздік екенін дәлелдеді.

«Бұл додаға әр елдің мықтылары қатысты. Мен төрт кездесу өткіздім. Соның ішінде бірінші тәжік спортшысымен және соңғы ақтық белдесуде иран палуанымен өткен кездесу қиындау болды. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жарыс жылдан-жылға жақсы қарқынмен күшейіп келе жатыр. Осы жолы деңгейі өте жоғары болды», — дейді спортшы.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Есеттің алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін Азия ойындарында өнер көрсетіп жүрген спортшы екі жыл бұрын Сочи қаласында самбодан әлем чемпионы атанған еді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: