Арыс қаласынан 100 бала Маңғыстауға келді

Бүгін Арыс қаласынан 100 бала Маңғыстау өңіріне келіп жетті. Олар әрі қарай «Алау» лагеріне барады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

100 баланы облыстық білім басқармасы және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері сән-салтанатпен қарсы алды. Маңғыстау вокзалында дастарқан жайылып, кішкентай меймандар бауырсақ пен шұбаттан дәм татты. Мерекелік концерт болды.

«Ақтауға алғаш рет келдім. Каспий теңізі туралы көп естідім. Пойызбен жақсы келдік, балалармен бәріміз қуаныштымыз. Жақсы демаламын деп ойлаймын»,-дейді 5-сынып оқушысы Аида Ғибатуллаева.

Балалардың уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтуды көздейтін «Алау» сауықтыру лагері 1987 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының және жұмысшылардың күшімен салынған. Осы 30 жылдың ішінде «Алауда» 30 мыңға жуық бала демалған. Мұнда балалар күніне 5 мезгіл тамақтанады. Олар Ақтау қаласының көрікті жерлерін, мұражай мен ботаникалық бақты аралап, кинотеатрларда, ойын-сауық аттракционында алаңсыз демалып, көңіл көтереді.

Одан бөлек, бекіре фермасы, түйеқұс шаруашылығының жұмысын тамашалап, түрлі сала қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылады.

Тамыз айында Арыс қаласынан тағы 50 бала Ақтаудағы «Балдәурен» балалар лагерінде демалады деп жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: