Опера әншісі зағиптарға ән айтып, көңілі босапты

Ақтөбедегі зағиптар қоғамында қайырымдылық концертін берген опера әншісі Дина Атамқұлова ондағы жағдайды көріп, жүрегі қатты ауырғанын жасырмады.

«Менің әкем де Қызылорда облысында зағиптар қоғамының мүшесі болғандықтан, мен бұл кісілерді ұмытпай, үнемі қолдап келіп тұруға тырысамын. Оларды сүйретіп, бір үлкен залға шақыруға болар еді, бірақ, қасында көмектесіп жүретін адамдары жоқ. Сондықтан, мен әдейі зағиптар қоғамына үнемі өзім келемін», — деген әнші ондағы жағдайларға тілшілердің назарын аудармай қоймайды.

Дина Атамқұлова мұнда бас сұққан сайын көмектесе алатын жандарды да арнайы ертіп келетінін айтады. Осы жолы әншінің шәкіртімен бірге сот қызметкерлері де келіпті. Зағиптар қоғамына кондиционер керек. Жазда мұнда қатты ыстық, қыста суық болатын көрінеді.

«Жағдайы бар, мүмкіндігінше қоғамға қол ұшын соза алатын таныстарыма мұндағы жағдайды түсіндіруге тырысамын», — дейді ол.

Зағиптар қоғамында да таланттар жоқ емес. Мәселен, осында мүшелік ететін екі бойжеткен алдағы айларда Алматыға сайысқа қатысқылары келеді. Алайда, тек аз жалақыға қарап отырған олардың жол шығындары мен сахналық костюмдерінің өзі біраз қаржыны қажет етеді екен. Әнші Дина Атамқұлова әдемі қымбат матасын алып беруге дайын, енді әдемі етіп, пішіп, тігіп беретін тігінші болса дейді.

Дина Атамқұлова зағиптар қоғамына арнайы репертуармен келген. Мұнда дүкілдетіп билейтін музыка болмайды, операны да көпшілік үнемі тыңдамаған соң, бірден қабылдай қоюы екіталай.

«Көбіне, өздерінің сұрауымен ертеректегі әндерге дайындалып келемін. Арасында бір-екі опера әнін орындап қоямын. Басты ойым — аз да болса, көңілдерін аулап, қуаныш сыйлау. Және қолдан келгенше бір кем-кетігін түгендеп, көмектесу», — дейді ол.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: