Ақтөбеде «Бопай ананы ұлықтаған алғашқы еңбек» жарық көрді

«Әбілқайыр хан және Бопай ханым» кітабы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Кіші жүздің әйгілі Әбілқайыр хан мен оның өмірлік қосағы Бопай (Бәтима) ханымның қазақ тарихында алар орны ерекше. Әбілқайыр хан мен оның ұрпақтары туралы көлемді зерттеулер шықса, Бопай ханымның асыл бейнесі ұмытылып кете жаздады. Енді Ислам қажы Мырзабекұлының құрастыруымен баспадан жарыққа шыққан еңбек тарихтың ақтаңдақ беттерін толтырады.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Баспасөз үйінде салтанатты түрде болып өтті. Жиынды ашып, жүргізген Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин тарихты тану қай кезде де қажырлы еңбекті, тынымсыз зерттеуді қажет ететіндігін айта келіп, Ислам қажы Мырзабекұлының бұл қадамы ұлттық құндылықты дәріптеудің бір үлгісі екендігіне тоқталды.

«Осы істе бірге жүріп, аянбай еңбек еткен ел азаматы Игілік Сағиевке алғысым шексіз. Қазір бірқатар қалаларда, елді мекендерде Бопай ханым атындағы көшелер пайда болды, басқа да игілікті жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардармыз. Ал «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітаптың жарық көруі — біраз ізденісіміздің нәтижесі, соған қуанамыз, — деді Ислам қажы Мырзабекұлы

Кітаптың алғы сөзін жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар бұл еңбекті «Бопай ананы ұлықтаған алғашқы еңбек» деп бағалапты.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: