Тұрғындар құрылысқа қарсы шықты

Батыс-2 ауданындағы бес қабатты үйдің тұрғындары жапсарлас құрылысқа қарсы шықты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Жилище» тұрғын үй кооперативі салған үйден пәтер алғандар ауласының тарылып қалғанына наразы. Тіпті ойын алаңы да кішкентай. Ал 400 тұрғынға арналған төрт көпқабатты үйдің автотұрағы да белгісіз күйінде қалып отыр.

«Біз пәтер алған кезде тек үш көпқабатты тұрғын үй салынатынын айтты. Қазір жапсарлас төртінші үйді салып жатыр. Автотұрақ болатын жерге үй салып жатқан соң қарсылық білдіріп жатырмыз. Үйдің арасы бар болғаны 8-10 метр екен. Өрт шықса көлік кіре алмайды», — қала тұрғыны Самбет Садықов.

Құрылыс алаңында жүрген компания өкілдері тұрғындардың уәжімен келіспейді. Олар бар құжаттың тіркелгенін, рұқсат алғанын хабарлады.

«Тұрғындар бізге шағым айтқан жоқ. Жоба келісім бойынша жасалып, құрылыс жүріп жатыр», — деді «Жилище» тұрғын үй кооперативінің заңгері Серік Төлепов.

Құрылыс пен оның сапасын, уақытылы тапсырылуын қадағалайтын мемлекеттік орган да бәрі талапқа сай жүріп жатқанын айтып берді.

«Компания құрылыс-монтаж жұмысының басталғанын айтты. Алдағы уақытта территория қоршалып, паспорты ілінеді. Мұнда үйлердің арасындағы қашықтық 6 метрден асады. Демек өрт қауіпсіздігі ережесі сақталған. Жер учаскесі берілген кезде жан-жақта көлік кіруге арналған жол болатыны қарастырылған. Балалардың ойын алаңы да болады. Құжаттары түгел, мемлекеттік сараптамадан өтіп, жұмыс басталған», — деді облыстық сәулет-құрылыс бақылау мемлекеттік басқармасының басшысы Оксана Сопрун.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: