Белсенділер өзендерді тазартудың жобалық-сметалық құжатын тексерді

Зейнеттегі экологтар Қарғалы, Елек өзендерін тазартуға арналған жобалық-сметалық құжатты қарап, өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде мемлекеттік орган өкілдері мен табиғат жанашырлары кездесіп, жобалық-сметалық құжатты талқылады. Экологтарға жоба беріліп, олар үш күн ішінде танысып шыққан. Ефим Книжник өзен арнасын кеңейту, тазарту жұмыстары кезінде жобалаушылар жан-жағындағы жасыл желекті кесуге, жағалауды бекітуге басымдық бергенін айтты. Ал өзен табанын тереңдету шет қалған.

«Жобалық-сметалық құжаттар берілді, ұсыныстар қабылданып жатыр. Біз бір шешімге келіп, ортақ келісім жасауымыз керек», — деді облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Жобалаушылар жергілікті тұрғындардың уәжімен келіспейді. Олар жобаның мемлекеттік сараптамадан сүрінбей өткенін мысалға келтірді.

«Жобаға өзгертулер енгізуге болады. Ол үшін алдымен жұмыс тобын құру керек. Бір айта кетерлік жайт. Жұмыс тобына кіргенде заңды тұлға бәрін өз жауапкершілігіне алады. Яғни, техникалық шешім қабылдау кезінде заңды тұлға бәрін өз міндетіне алады. Біздің компания өз жобасын ұсынды, ол біздің жауапкершілігіміз. Ал өзгертуге заңды тұлға жауап береді», — деді «Антарес Платинум» ЖШС-і филиалының, жобаның жетекшісі Дмитрий Петроков.

Айта кетейік, келесі жиында жобалаушы өз уәжін айтады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: