Облыс әкімі мемлекеттік рәміздерге немқұрайлы қараған басшыларға қатаң ескерту берді

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отызға жуық түрлі кемшіліктерді анықтаған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Арнайы құрылған комиссия мүшелері сәуір, маусым айларында Ойыл, Әйтеке би, Алға аудандары мен Ақтөбе қаласындағы 150-ден аса мемлекеттік мекемелерге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік тудың жыртылуы, рәміздердің орналасу тәртібінің сақталмауы, насихаттау жоспары жасақталмағандығы және стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру, оларды жою бойынша комиссия құрылмағандығы жөнінде отызға жуық түрлі кемшіліктер анықталған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған салғырттықтар бойынша аудан, қала басшыларына қатаң ескерту жасады.

«Рәміздер халқымыздың бірлігі мен патриоттық сезімін білдіруде орны ерекше. Сондықтан оның мән-маңызын насихаттау мен қолданылуын реттеп отыру баршамыздың ортақ міндетіміз. Аталған олқылықтардың орнын тез арада ретке келтіріңдер. Мемлекеттік рәмізді ойыншыққа айналдырып, салғырттыққа жол бергендер тиісті жазасын алуы тиіс. Ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер рәміздерді талапқа сай қолдана білуді өздерінен бастаған жөн», — деді өңір басшысы.

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия талапты сақтамағандарға 126 250 теңге көлемінде айыппұл салуға құқылы. Дегенмен, осы кезеңге дейін ешқандай мекемеге айыппұл салынбаған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: