Мумбайдағы нөсер: 16 адамды құлаған қабырға басып қалды

Үндістанның Мумбай қаласы мен оған көршілес аудандарда толассыз жауған нөсер салдарынан сейсенбіге қараған түнде кем дегенде 16 адам қаза тапты. Бұл туралы NDTV телеарнасы хабарлады, деп жазады Қазақпарат.

Онық ақпаратына қарағанда, Мумбайдың Малад Ист ауданының өзінде зәулім үйдің қабырғасы басып қалып, 13 адам қаза тапқан, тағы төртеуі зардап шеккен. Құтқарушылардың айтуынша, тағы бірнеше адам үйінділердің астында қалуы мүмкін.

Көрші Тхана қаласында мектептің қабырғасы құлап, үш адамды мерт қылған, соның біреуі — кішкентай бала.

Өңірде муссон жауыны жексенбіден бері толастамай тұр. Көшелер өзенге айналып, көлік қозғалысын мүлде тоқтатып тастаған. Мумбай билігі сейсенбі күні барлық мектептерді жауып, мекемелер үшін демалыс күні деп жариялады.

Синоптиктердің айтуынша, нөсер әзірге толастамақ емес.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: