Көкөніс Орынбор мен Орскке экспортталып жатыр

Жылажайда қияр мен қызанақ өсіретін кәсіпкерлер өнімді сатуда еш қиындық көрген емес, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Амир АГРО» шаруа қожалығында он кәсіпкер бар. Әрбір шаруа қожалығы өткен жылы он үш миллион теңге несие алды. Барлығы 130 миллион теңге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан берілді.

«Жылыжай аумағы 1,8 га құрап тұр. Кәсіпкерлер бірігіп, тағы 30 миллион теңге салып, жұмыс басталып кетті. Өткен жылы күзде егіп, қыста алғашқы өнім алынды. Өнімдерді Ресейдің Орынбор, Орск қаласынан алып кетеді. Орал қаласынан да келіп жатыр. Жергілікті базар көбін алып кетеді», — деді кәсіпкер Нұртас Доштияров.

Ақтөбелік кәсіпкерлер үшін оңтүстіктен келетін көкөністің бағасы маңызды. Себебі баға да үнемі өзге өңірден жеткізілетін қияр мен қызанаққа байланысты өзгеріп отырады.

«Жылыжайда жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. Жаңақоныс ауылында тұратындар терім жұмыстарына шақырылады. Бұл уақытша жұмыс. Жылына екі рет өнім жинаймыз. Жаз және қыс», — деді кәсіпкер.

Жылыжай тамшылатып суару технологиясын қолданады. Өзге жылыжайдан ерекшелігі қияр жерге егіледі. Жылу құбыры жүргізілгендіктен қыста да шаруашылықты жүргізуге мүмкіндік бар.

«Жылыжай құрылысына қажетті барлық қаржы берілді. Құрылысқа жаңа технология қолданылды. Бірінші өнім биыл берілді. Тек ішкі нарықты қамтып қоймай, экспортқа жіберіліп жатыр. Несие 14 пайызбен беріліп, оның 10 пайызы субсидияланды», — деді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры филиалының бөлім басшысы Нұрлан Қосмағамбетов.

Айта кетейік, кәсіпкерлер жылыжай аумағын тағы екі гектарға кеңейтуді жоспарлап отыр. Биылғы өнім толық жиналды қысқа дайындық басталды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: