Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желілерде аккаунт ашты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілерінде тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі қала басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындарына жолдаған бейнежазбасында Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі ретінде қала тұрғындарына өз жауапкершілігін сезінетінін атап өтті.

«Алматы — әрбір қазақстандық үшін ерекше қала және біз оны жақсы көреміз. Менің басты мақсатым -Алматыны қауіпсіз, ыңғайлы, заманауи мегаполис жасау. Онда әрбір Алматы тұрғыны лайықты өмір сүруге мүмкіндік алады. Мен үшін сіздердің сауалдарыңыз бен ұсыныстарыңызға уақтылы жауап беру өте маңызды. Мен өздеріңізбен қаланың проблемаларын және оның даму стратегиясын ашық талқылағым келеді. Миллиондаған қала тұрғындарының тағдырына байланысты ұсыныстарды қабылдауда және дұрыс шешім шығаруда сіздердің қолдауларыңыз маңызды. Сіздермен диалогқа дайынмын! », -дейді мегаполис басшысы.

Еске сала кетсек, 28 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі болып тағайындалған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: